Көпшіліктің өмірінде кем дегенде бір рет мынадай жағдай болған шығар: бәрі жақсы сияқты, достармен бірге дастархан басында отырсыз немесе маңызды кездесудесіз — кенеттен «Ик!» деген дыбыс еріксіз шығып кетеді. Оны тоқтатуға қанша тырысқан сайын, соғұрлым жиілей түсетіндей болады. Бұл — ықылық. Көбіне зиянсыз болғанымен, өте ыңғайсыз әрі мазаны алатын құбылыс.
Әдетте ықылық өздігінен басылады. Дегенмен одан мүмкіндігінше тезірек құтылғыңыз келетіні анық. Бұл мақалада ықылық неге пайда болатынын және оны қалай жылдам тоқтатуға болатынын қарастырамыз.
Ықылық неліктен пайда болады
Ықылық — ауру емес, диафрагманың жұмысының уақытша бұзылуы. Диафрагма — тыныс алуға көмектесетін бұлшықет. Ол кенет жиырылған кезде, ауа өкпеге тез кіреді, ал дауыс сіңірлері бір сәтке жабылып қалады. Сол кезде бәрімізге таныс «Ик!» деген дыбыс шығады.
Ықылықты не тудыруы мүмкін? Көбінесе — күнделікті өмірдегі ең қарапайым жағдайлар:
- Артық тамақтану. Мысалы, мерекелік дастархан басында түрлі дәмді тағамдарды шамадан тыс жеп қою.
- Газдалған сусындар. Көпіршікті сусындар асқазанды тез керіп, диафрагманы тітіркендіреді.
- Тез немесе ретсіз тамақтану. Жүгіріп жүріп тамақтанғанда немесе үлкен кесектерді асығыс жұтқанда, ағза ықылықпен жауап беруі мүмкін.
- Тамақ ішу кезінде күлу немесе сөйлесу. Көпшілікке таныс жағдай: дастархан басында әңгіме айтып, ауыз толы тамақпен күліп жіберсеңіз — ықылық басталып кетеді.
- Стресс пен толқу. Емтихан, сұхбат немесе көпшілік алдында сөз сөйлеу алдында диафрагма эмоционалдық кернеуге осылай әсер етуі мүмкін.
Әдетте мұндай ықылық бірнеше минутта өздігінен басылады. Бірақ ол ұзаққа созылса немесе ешбір айқын себепсіз пайда болса, оған назар аударған жөн. Сирек жағдайларда ықылық жүйке жүйесі немесе ас қорыту мүшелерімен байланысты мәселелердің белгісі болуы мүмкін. Бұл туралы төменде толығырақ айтамыз.
5 минутта ықылықтан қалай арылуға болады: тексерілген тәсілдер
Ықылық кенеттен басталғанда, ең бастысы — сабыр сақтау. Оны тез тоқтатуға көмектесетін қарапайым әрі қауіпсіз әдістер бар. Олардың көбін сол жерде-ақ қолданып көруге болады: үйде, жұмыста немесе тіпті кафеде. Міне, ең тиімді тәсілдер:
- Тынысыңызды ұстап тұрыңыз. Терең тыныс алып, деміңізді ұстап тұрып, 10–15-ке дейін санаңыз (егер ыңғайлы болса — одан да ұзақ). Тынысты ұстап тұру қандағы газдардың деңгейін өзгертуге көмектеседі, соның нәтижесінде диафрагма біртіндеп тынышталады.
- Баяу тыныстаңыз. Тыныс алуға назар аударыңыз: мұрын арқылы жайлап дем алып, ішіңіз сәл көтерілгенін сезініңіз, содан кейін ауыз арқылы баяу дем шығарыңыз. Мұны бірнеше рет қайталау бұлшықеттердің босаңсуына көмектеседі.
- Суды кішкентай жұтыммен ішіңіз. Бұл — ең қарапайым әрі тексерілген тәсілдердің бірі. Салқын суды асықпай, ұрттап ішіңіз. Бұл кезбе жүйкені (блуждающий нерв) қоздырып, тыныс алуды қалыпқа келтіруге көмектеседі.
- Бір кесек қантты сорып көріңіз. Тілдің үстіне аз ғана қант салып, оны баяу ерітіңіз. Бұл ауыздағы рецепторларды белсендіреді және ықылықты тоқтатуға көмектесуі мүмкін.
- Тіліңізді сәл тартып көріңіз. Біртүрлі естілгенімен, кейде шынымен көмектеседі. Таза қолмен немесе салфетканың көмегімен тілді абайлап алға қарай тартып, бірнеше секунд ұстап тұрыңыз. Кезбе жүйкені осылайша қоздыру ықылықты тоқтатуы мүмкін.
- Мойынның артқы бөлігін уқалаңыз. Мойын түбіндегі аймақты жеңіл айналмалы қозғалыстармен уқалаңыз. Бұл бұлшықеттердің босаңсуына және жүйке кернеуінің азаюына көмектеседі.
- Шар үрлеңіз. Мұндай кезде терең дем алып, дем шығару диафрагманы жаттықтырады және ықылықтан арылуға көмектеседі.
- Қою тағам жеп көріңіз. Мысалы, бір қасық бал немесе жержаңғақ майы (егер аллергияңыз болмаса). Қою құрылым жұтынуды саналырақ жасауға мәжбүрлейді және тыныс алу ырғағын «қайта іске қосуға» көмектеседі.
Егер бір тәсіл көмектеспесе — басқа әдісті байқап көріңіз. Кейде бірнеше тәсілді қатар қолдану тиімді болады.
Қашан дәрігерге қаралу керек
Көп жағдайда ықылық — ағзаның уақытша реакциясы ғана, ол өздігінен немесе бірнеше қарапайым тәсілден кейін басылады. Бірақ кейбір жағдайларда ол анағұрлым күрделі мәселенің белгісі болуы мүмкін. Сондықтан дәрігерге қашан қаралу керектігін білу маңызды.
Медициналық көмекке жүгінген жөн, егер ықылық:
- 48 сағаттан ұзаққа созылса — бұл енді жай ғана уақытша құбылыс болып саналмайды;
- тамақтануға, ұйықтауға немесе қалыпты тыныс алуға кедергі келтірсе — мұндай жағдайда шыдап жүрмей, себебін анықтау қажет;
- басқа да алаңдататын белгілермен бірге байқалса — мысалы, кеуде ауыруы, сөйлеудің бұзылуы, әлсіздік, бас айналу немесе жүрек айну.
Сирек жағдайларда ұзаққа созылған ықылық жүйке жүйесінің, асқазанның, бауырдың немесе тіпті жүректің ауруларымен байланысты болуы мүмкін. Егер ықылық ұзақ уақыт басылмаса немесе қатты қолайсыздық тудырса, дәрігерге қаралған дұрыс.
Ықылықтың алдын алу: күнделікті кеңестер
Әрине, ықылықты толықтай болдырмау мүмкін емес, өйткені ағзамыз әрдайым болжамды бола бермейді. Дегенмен бірнеше қарапайым әдет оның пайда болу қаупін азайтуға көмектеседі:
- Асықпай тамақтаныңыз. Тағамды үлкен кесектермен жұтпауға және аузыңыз толы тамақпен сөйлеспеуге тырысыңыз. Баяу тамақтану диафрагманың тітіркенуінің алдын алуға көмектеседі.
- Артық тамақтанбаңыз. Бұл әсіресе мереке күндері өзекті, өйткені мол дастархан басында мөлшерді байқамай қалу оңай. Ең дұрысы — үстелден жеңіл тойған күйде тұру.
- Газдалған сусындарды абайлап ішіңіз. Оларды аз-аздан, кішкентай жұтыммен ішкен дұрыс немесе мүлде қарапайым сумен алмастырған жөн.
- Тағам мен сусынның температурасына назар аударыңыз. Өте ыстық немесе өте суық тағамдар ықылықты тудыруы мүмкін, әсіресе бір тамақтану кезінде оларды кезектестіріп ішіп-жесеңіз.
- Күшті стресстен аулақ болуға тырысыңыз. Кернеу мен алаңдаушылық та ықылыққа себеп болуы мүмкін. Қарапайым босаңсу тәсілдерін меңгеріңіз: терең тыныс алу, қысқа серуен немесе бір кесе шай тепе-теңдікті қалпына келтіруге көмектеседі.
Енді сіз кез келген сәтте ықылықты тоқтатуға көмектесетін қарапайым әрі тиімді тәсілдерді білесіз. Есіңізде болсын: көп жағдайда бұл уақытша құбылыс және ешқандай қауіп төндірмейді.
Ал егер ықылық ұзаққа созылып кетсе — көмек сұраудан қорықпаңыз. Ағзаңызға мұқият әрі қамқорлықпен қараңыз. Ешбір ықылық көңіл күйіңізді бұзбасын!
Бұл — жай ғана ауру емес, бірақ жағымсыз жағдайлар туралы жазылған алғашқы мақаламыз емес. Бұған дейін біз жүрек айнудан не көмектесетіні, сондай-ақ қолтық астындағы тер иісінен қалай арылуға болатынытуралы да жазғанбыз.
